Пайдалы материалдар

Қараңғылық ханшайымы

Қараңғылық ханшайымы

Қараңғыдан қорқатын балаларғы арналған терапиялық ертегі.⠀

Баяғыда бір ҚАРАҢҒЫЛЫҚ деген ханшайым болыпты. Ол алыс ну орманда тіршілік етеді екен. Оның достары болмапты. Сол үшін өзін өте жалғыз сезінеді, мұңаяды. Жан-жағына қарап, достар қайда екен деп іздеп жүріпті.

Бір күні Қараңғылық ханшайымы “бұлай болмас ну орманның ішінде жүре берсем өзіме дос таппаспын”,- дейді де, дос іздеуге жолға шығады. Жүре беріпті, жүре беріпті, сөйтіп қалаға келіпті.

Қалада көп шам-шырақтар, адамдар ары бері жүргендіктен, ханшайымды алғашында  қорқып қалыпты. Сол кезде  қатты дос тапқысы келгендігі есіне түседі. Жолын жалғастырмақ болып келе жатқанда, көп қабатты үйлерге тап болады. Аулада адам жоқ, Қараңғылық “мынау нағыз мен дос табатын жер екен ғой” деп қуанып, үйлердің терезелін қарапты.

Бір терезеге жақындап қараса, барлық жарықтарын жағып алыпты.Бөлмелерден қосылған жарық далаға да төгіліп тұр. Қараңғылық бұл үйде менімен ешкім дос болғысы келмейді екен, менің қараңғылығымды қабылдамайды, қорқады екен деп көңілі түсіп, кетіп қалыпты.

Екінші бір үйге келсе,  ол үйдің тура ортасында дәлізінде ғана жарық қосылып тұр екен. Қараңғылық ханшайым бұл үйде де менімен толық дос болуға дайын емес екен деп кетіп қалыпты.

Үшінші үйдің терезесіне жақындаса барлық жарық өшірулі тұр екен. Ханшайым қуанып кетіп, осы үй менімен толық дос болуға дайын екен деп кіріп, сол үйдегілердің тыныш ұйқысын күзетіп қалыпты. Содан бері ол үйдегілердің ұйқысы қанық, демалған, күші көп болып, балалар тез өсіпті.

Авторы: Алуа Есболатқызы

Ертегі туралы толығырақ  инстаграмда  @alua_yesbolat парақшасынан оқи аласыздар.

 

Otbasy.Online сайты ұлттық құндылықтарымызбен ұштасатын қазақ тіліндегі пайдалы отбасылық ақпараттарды әлемнің кез-келген жерінен алу мүмкіндігі сыйлайды.